
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде AI және медиа тақырыбында шеберлік сағаты өтті







Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенттері мен оқытушылары жасанды интеллекттің (AI) заманауи медиа саласындағы рөліне арналған тәжірибелік шеберлік сағатында бас қосты. Іс-шараны Баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Нұржан Көшкенов жүргізіп, қатысушыларға жаңа технологиялардың журналистиканы қалай өзгертіп жатқанын және контент жасаудағы нейрожелілердің мүмкіндіктерін іс жүзінде таныстырды.
Шараның арнайы қонағы ретінде «Atameken Business» телеарнасының журналисі әрі продюсері, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі Әлия Текенова онлайн форматта қосылды. Ол қатысушыларға отандық телевизияда жасанды интеллектті қолданудың соңғы жетістіктері, тәжірибелік ерекшеліктері мен медиа нарығындағы жаңа трендтер туралы толық мағлұмат берді. Шеберлік сағаты болашақ мамандар үшін жаңа технологияларды игеруге серпін берген маңызды алаңға айналды.
