
ЖУРНАЛИСТИКА МЕН PR САЛАСЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының докторанты Нұрсұлтан Ақжол педагогикалық практика аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі мультимедиалық журналистика: пиаршы мен AI серіктестігі» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ғылыми жетекшісі – профессор, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Шаймағанбетқызы.
Ашық сабақ барысында жасанды интеллекттің журналистика мен қоғаммен байланыс саласына ықпалы, мультимедиалық контент әзірлеудегі жаңа технологиялардың мүмкіндіктері және цифрлық дәуірдегі мамандардың кәсіби жауапкершілігі жан-жақты қарастырылды.
Нұрсұлтан Ақжол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ақпараттық қызметті ұйымдастыру, қоғамдық сенімді қалыптастыру, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу және дағдарыстық коммуникация жағдайында тиімді шешім қабылдау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар заманауи цифрлық жобалар мен жасанды интеллект құралдарын ақпараттық жұмыста қолданудың тиімді тәсілдерін таныстырды.
Сабақтың ерекшелігі – студенттердің белсенді қатысуына негізделген интерактивті форматта ұйымдастырылуы. Білім алушылар бірнеше топқа бөлініп, «Жасанды интеллект журналистің орнын баса ала ма?» тақырыбында дебат өткізді.
Пікірталас барысында студенттер жасанды интеллекттің ақпаратты жылдам өңдеу, мәтін жазу, мультимедиалық контент дайындау мүмкіндіктерін талқылады.
Ашық сабақта технологиялық мүмкіндіктер қаншалықты кеңейгенімен, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, оның қоғамға әсерін бағалау және кәсіби шешім қабылдау жауапкершілігі адамға тиесілі екеніне ерекше назар аударылды.
Сабақ қорытындысында студенттер жасанды интеллекттің журналистика мен PR саласындағы болашағына қатысты ойларын ортаға салып, жаңа технологияларды кәсіби қызметте тиімді әрі жауапкершілікпен пайдаланудың маңызын атап өтті.
Ашық сабақ болашақ медиа мамандарының сыни ойлау қабілетін дамытуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға және теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға бағытталды.
