
ЕҰУ оқытушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференцияда баяндама жасады

2026 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласында «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» атты IX халықаралық ғылыми конференция өтті. Ол ЮНЕСКО қолдауымен жұмыс істейтін Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының ұйымдастыруымен, ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орай өткізілді.
Конференцияда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Нұржан Жеңісұлы Кошкенов «Олжас Сүлейменовтің саналы өзара тәуелділік формуласының жасанды интеллект парадигмасындағы медиа-эпистемологиялық өлшемі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада Сүлейменовтің «ғасырлар бойғы тәуелділіктен – тәуелсіздік кезеңі арқылы – саналы өзара тәуелділік дәуіріне» формуласы халықаралық қатынастардың этикалық нормасы ретінде ғана емес, білімдегі үлестің кімнің атына жазылатынын айқындайтын эпистемологиялық модель ретінде қарастырылды. Автор «Аз и Я» кітабында көтерілген мәдени атрибуция мәселесі мен генеративті жасанды интеллект инфрақұрылымындағы деректің шығу тегін жоғалту мәселесі арасында құрылымдық ұқсастық бар екенін эмпирикалық деректер негізінде көрсетті.
Баяндама қорытындысында ұлттық мұраны машинамен оқылатын, дереккөзі құжатталған форматта ұсынуға бағытталған үш норма ұсынылды. Олардың үшіншісі «Оқитын ұлтты жаңғырту» бағдарламасының жасанды интеллект дәуіріндегі инфрақұрылымдық тетігі ретінде негізделді.
