
Білім күні құтты болсын!

Құрметті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттер, магистранттар мен докторанттар!
Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күні және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн - іздемпаз жастар мен ұлағатты ұстаздар қауымы үшін ерекше мереке.
Жаңа оқу жылының басталуына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің, Психология кафедрасында бірінші курс студенттеріне арналған салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бейсенбай А.Б., Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Қуантаев Н.Қ. қатысты.
Іс-шара барысында бірінші курс студенттеріне Психология кафедрасының тарихы, негізгі бағыттары, білім беру бағдарламалары, оқу үдерісінің ұйымдастырылуы және кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар студенттерге кафедра оқытушылары мен профессорлық-оқытушылық құрамының таныстырылды.
Студенттерге университеттің ішкі тәртіп ережелері, академиялық адалдық қағидаттары, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Сондай-ақ оқу барысында пайдаланылатын ақпараттық ресурстар, кітапхана, электрондық білім беру платформалары және студенттерге көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық қолдау мүмкіндіктері туралы мәліметтер берілді.
Таныстыру барысында кафедра меңгерушісі, пс.ғ.к., профессор А.С. Мамбеталина студенттерге жылы лебізін білдіріп, университет қабырғасында білім алудың, кәсіби құзыреттерді дамытудың және ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оқу үдерісі, кафедраның академиялық және ғылыми мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат алды. Бірінші курс студенттеріне арналған таныстыру жұмыстары олардың университет өміріне белсенді араласуына, жаңа ортаға тез бейімделуіне және болашақ кәсіби маман ретінде қалыптасуына бағытталған маңызды қадам болды. 1 курстың эдвайзері, куратор пс.ғ.к., профессор м.а. А.Р. Мандыкаеваға сәттілік тілейміз!
